Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Елжанов Жаңаөзен қаласына барып, жергілікті мешіттердің имамдарымен кездесті. Бұл туралы mangystaumedia.kz ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Аталмыш кездесу Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш Қожа» мешітінде өтсе, оған қалалық «1-ші мешіт», «Қосай ата», «Қызылсай» және «Рахат Ислам» мешіттерінің дін қызметкерлері де қатысты.
Бас имам Әнуар Ізімбайұлы өз сөзінде: «Мешіттеріміздің есіктері жабық болғанымен, біздің қызметіміз тоқтамауы тиіс. Алланың үйіне көмек сұрап келген әр адамға қол ұшын беріп, барынша көмектесуіміз керек. Еліміз бойынша дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы басталғанын білесіздер. Осы қайырымдылық іс-шарасы аясында мүмкіндігінше белсенділік танытып, көп отбасыларды қамтуымыз қажет», деп атап өтті.
Сонымен қатар, жиын барысында онлайн дәрістердің жүйелі түрде жүргізілуі сияқты бірқатар мәселелер көтеріліп, бас имам Әнуар Ізімбайұлы имамдарға тиісті тапсырмалар берді.