Қазіргі таңда Маңғыстау облысының Полиция департаменті бойынша 243 бірлік штаттық жетіспеушіліктің болуына байланысты Маңғыстау облысы ПД бастығының орынбасары Б.Ақшауовтың нұсқауымен Кадр саясаты басқармасының қызметкерлері Ақтау қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының №6656 әскери бөліміне барып, бөлімінің сарбаздарына Ішкі істер органдарына болашақта қызметке орналасу бойынша кеңес беріп, үгіт-насихат іс-шараларын ұйымдастырды, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Жиын барысында сарбаздарға Ішкі істер органдарына жұмысқа қабылданудың талаптары мен үміткердің іс-қимыл алгоритмдері, ІІО-да қызмет атқарудың артықшылықтары айтылды.
Жігіттердің көпшілігі Отан алдындағы борыштарын өтеп болған соң, өз өмірлерін ішкі істер органдарында қызмет атқарумен байланыстырғылары келетінін айтты. Полиция қызметкерлері сарбаздардың мұндай талпынысын ерекше бағалап, әскери саланың қиыншылығы мен талаптарынан өткен үміткерлер арасында тәртіп пен жақсы дене дайындығы болатынына сене отырып, олардың көкейлеріндегі сұрақтарына жауап берді.
Полицейлер үміткердің егер әскер қатарында қызмет еткен немесе жоғары заңгерлік білімі болса әр түрлі лауазымдарға орналасу мүмкіндігі бар екенін жеткізді.