Ақтауда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында орталық жол бойында орналасқан 177 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері сырланып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«25 шағынаудан бойынша жол бойындағы тұрғын үйлердің қасбеттерін (фасад) архитектуралық талаптарға сәйкес бояу қолға алынды. Барлығы 440 213 шаршы метр сырланады. Яғни қаладағы 21 шағынауданның көпқабатты тұрғын үйлері қамтимыз. Түсіне қатысты бірнеше үлгілері жасалады. Қазіргі таңда бағдарлама аясында қаламыздың жұмыссыздық есебінде тұрған 60-қа жуық азамат жұмыспен қамтылды. Олардың еңбекақысы 85 мыңнан жоғары болды»,-деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғали Скендіров.
Бүгінгі күні қала бойынша 66 көп қабатты тұрғын үй сырланды.
Атап айтқанда 1, 3 шағынаудандардағы 9 үй, 4 шағынауданнан 19 үй, 5, 14, 15 шағынаудандардан 3 үй, 7 шағынауданнан 6 үй және 9 бен 27 шағынаудандардан 7 үйдің сырты жаңа түске жаңарды.
Толықтай жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан екі жыл бұрын қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің сырты боялған болатын. Ол кезде қаланың 55 жылдығына орай кәсіпкерлердің демеушілігімен 25 шақты үйдің сырты сырланды.