Ақтау қаласының әкімдігі халықтық бақылаудың «қауырт желісін» іске қосты. Енді тұрғындар жасыл желектердің суару сапасын бақылап, көгалдандыру жұмыстарындағы кемшіліктерді жауапты мамандарға жолдай алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қала тұрғындары жасыл желектердің суару жұмыстарынан салғырттық байқаса немесе мүлдем суарылмаған ағаштарды көрсе 8 776 424 2409 нөміріне мекенжай, күн, айын жазып, суреттер мен видеоны жіберуге болады. Қауырт желі арқылы жолданған хабарламаларға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары жауап береді.
Айта кетейік, биыл жасыл желектерді күтіп ұстау және суару бойынша қызметтерді «Атамекен» мүгедектерді қолдау қоры» ҚБ атқарып жүр. Мердігер мекеме мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша жеңімпаз атанған болатын. Алайда жасалған жұмыстарға халықтың көңілі толмайды, соған сай шағымдар жиі келген.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН