Жаңаөзен қалалық білім бөлімі жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды тасымалдау қызметтерін алу үшін бюджеттің 4 464 285.71 теңгесін жұмсамақ. Осыған орай 16 маусым күні Жаңаөзен қалалық білім бөлімі мемлекеттік сатып алу порталына тендер жариялады. Негізгі талап – білім ордасына оқулықтарды бүлдірмей алып келетін әлеуетті өнім берушіні таңдау.
Бағалы ұсыныстарға сұраным тәсілінде өтетін тендерге өтініш қабылдау 17 маусым күні басталып, 24 маусым күні аяқталады. Мемлекеттік сатып алуға жарияланған хабарламаның техникалық ерекшелігі құжатынан әлеуетті өнім берушіге артылар жауапкершіліктің жіптей тізілгенін көруге болады.
Нақтыласақ, кітаптар мен оқу-әдістемелік құралдарды қолайсыз жағдайдан қорғауы, өнімнің бастапқы қалпын сақтай отырып Алматыдағы кітап баспаларынан тасымалдануы, таза әрі сапалы жеткізілуі, сондай-ақ қалада әлеуетті өнім берушінің өртке қарсы қауіпсіздік шараларына сай жүк сақтау қоймасының болуы маңызды деп көрсетілген. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласындағы білім беру мекемелеріне оқулықтарды жеткізіп, тиісті құжаттарды толтыру керек екені де жазылған.
Қойылар талап өткен жылдан өзгеріссіз қалғанын еске саламыз. Бұл жолы конкурсқа қатысатын кәсіпкерлерге алдын ала қызыл түспен төмендегідей қатаң құлаққағыс бергенін байқадық.
* Құрметті әлеуетті жеткізушілер, осы қызмет түрін Мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыспас бұрын барлық талаптармен танысып, анықтап алуыңызды сұраймыз. Өйткені бұл қызмет түрі бойынша жыл сайын мәселе туындайды. Кәсіпкерлер бұл қызметті жеңіп алады. Сосын жұмыстың күрделілігін көріп, әр түрлі себептермен қызметті орындаудан бас тартады. Құрметті кәсіпкерлер, бұл оқушылардың кітабы, сондықтан қызметті адал түрде орындауларыңызды сұраймыз.
Егер адал қызмет ететін мердігер мекеме анықталса, сатып алынатын 244 300 оқулық пен оқу-әдістемелік құралды белгіленген мекенжайға жеткізеді. Содан соң кітаптар мен әдістемелік құралдарды қалада орналасқан 25 мектепке бөліп бермек. Айта кетейік, тапсырыс тамыздың 15 жұлдызына дейін орындалуы тиіс.
Өткен жылмен салыстырсақ, қалалық білім бөлімі аталған қызметтерді алу үшін 2 754 464.29 теңгеге конкурс өткізіпті. Бағалы ұсыныстарға сұраныс тәсілі арқылы өткізілген тендерде «Veritau» ЖШС жеңімпаз атанған. Аталған мердігер мекеме ең төменгі баға 1 777 777.77 теңгені ұсыныпты. Ал екінші жеңімпаз – «Асемай» ЖК, ол 1 954 464.29 теңге ұсынған. Алайда алғашқы жеңімпаз болған «Veritau» ЖШС бұл тапсырысты орындамаған екен. Осылайша 437 645 995 теңгеге сатып алынған 269 345 оқулық пен оқу-әдістемелік құралды «Асемай» ЖК Жаңаөзенге жеткізіп, өз міндетінен құтылған.
Ал 2018-2019 оқу жылдары 1 785 714.29 теңгеге конкурс жариялаған. Конкурсқа 8 өнім беруші қатысқан. Соның ішінен ДК «Сагимбаев Айдос Мухтарович» 1 190 000 теңге ұсынып жеңімпаз атанған. Ол 320 700 645 теңгенің өнімін, яғни баспадан алынған 245 999 оқулықты тиісті орынға жеткізген.
Қарап отырсақ, жыл сайын оқулықтарды тасымалдайтын қызметтің бағасы шарықтаған. Бұл енді жолдың шығыны мен өнімнің салмағына байланысты болар деп топшылаймыз. Десек те биыл келетін оқулық саны өткен жылғыдан аз, есесіне тасымалдау қызметіне 1,5 млн артық қаржы беріліп отыр.
Хош! Бастысы - Жаңаөзенге жеткізілетін оқулықтардан олқылық, тасымалдау қызметі жолында көлеңкелі кемшіліктің болмауы.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА