Қарақия ауданында 565 адам аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы құрылыс жұмыстарына тартылады. Қазіргі таңда 360 адам тұрақты табыс көзін тапты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жұмысшыларға айлық жалақы көлемі 115 мыңнан 250 мың көлемінде деп бекітілді. Орташа еңбекақы 150 мың теңге.
Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Гүлмира Қылаубаеваның айтуынша, Жетібай ауылындағы әкімшілік ғимаратты «Оқушылар орталығына» айналдыру мақсатына 138 млн 200 мың теңге қаралған. Құрылысты 5 айда аяқтау көзделген. Бағдарлама бойынша 40 жұмыс орны құрылуы керек. Әзірге 20 азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке жұмылған.
Ал Ералы стансасында №2 бастауыш мектепке жапсаржай салуға 308,6 млн қаралып тұр. Аталған жоба бойынша 50 жұмыс орны құрылады. Әзірге қабылданғаны 14 адам. Жұмыспен қамту орталығына тіркелген 5 адамға жолдама берілді. Тағы 20 адамға сұраныс келіп тұр.
Жетібайда №8 орта мектепті ағымдағы жөндеуге құны 26,6 млн теңгеге келісім-шарт жасақталды. Бағдарлама бойынша 10 жұмыс орны құрылды, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 5 адам қабылданған болатын. Орташа еңбекақы – 100 мың теңге.
Бостандағы Қарақұдық орта мектебін ағымдағы жөндеуге 33,8 млн теңгеге келісім-шарт жасақталды. Бұл ретте 11 жұмыс орны құрылған. 6 азамат орталық арқылы келді.
Сенектегі Қашаған орта мектебін ағымдағы жөндеуге 30,2 млн теңгеге келісім шарт жасақталды. Бағдарлама талабы бойынша құрылатын жұмыс орын саны 10, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 7 адам жұмысқа қабылданды.
Жетібайдағы №4 орта мектептің ескі ғимаратына және спорт залына ағымдағы жөндеу жұмыстарына 234 млн теңгеге келісім шарт жасақталды. Жөндеу қарқынды жүріп жатыр. Бағдарлама бойынша құрылатын жұмыс орын саны 100, оның ішінде орталықта тіркелгендерден 50 адам жұмысқа орналасты.
«Бұл жобада мамыр айына жоспарланған 70,2 млн теңге толық игерілді. Қалғаны қараша-желтоқсанға орналастырылған. Маусым-шілде айларына ығыстыруға қосымша өтінім беріледі. Бұдан үнемделген қаржыны бастауыш мектептің шатырын, жылу жүйесі мен қазандығын, өрт қауіпсіздігі жүйесі мен сигнализацияларын толық ауыстыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін қосымша келісім-шарт жасалуы керек», - дейді Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Гүлмира Қылаубаева.
Айта кетейік, Сенек пен Бостандағы мәдениет үйлерін ағымдағы жөндеуге 28,2 млн теңгеге келісім шарт енді жасақталады. Бағдарлама бойынша құрылатын жұмыс орын саны – 10, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 5 адам қабылданады.