«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заң кодексінің 50-ден астам бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістердің былтыр желтоқсанда күшіне енгені мәлім. Оларды өңірлік ҚКО орталығында өткен жиында облыстық Әділет департаментінің өкілдері түсіндіріп берді.
Өзгерістердің басты мақсаты – азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібін жеңілдету, артық құжаттарды талап етуді алып тастау, мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімін айтарлықтай қысқарту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады.
«Атап айтсақ, бала асырап алуды және әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ сот шешімі негізінде неке бұзу секілді акт жазба түрлерін тіркеу алынды. Мысалы осы өзгерістерге дейін ерлі-зайыптылар сот арқылы некесін бұзып, содан кейін АХАТ органдарына барып куәлік алуы қажет болса, өзгерістерге сәйкес сот шешімі заңды күшіне енген сәттен, автоматты түрде неке қию туралы акт жазбасына некенің бұзылғаны туралы белгі қойылып, куәлік алудың қажеттілігі алынып тасталды», - дейді департамент басшысы Дариға Кесікбаева.
Бұдан былай азаматтарға жергілікті АХАТ органдарына барудың қажеті жоқ. Сонымен қатар бұрын баланы асырап алған немесе әкелік анықталған кезде балаға екі куәлік берілетін – асырап алу не әке болуды анықтау және туу туралы куәлік.
Жаңа өзгерістерге сәйкес артық құжаттарды жою мақсатында азаматтар үшін де, тіркеуші орган үшін де тәртіпті жеңілдету арқылы балаға қажетті тек туу туралы куәлік беріледі. Бұл ретте баланың және ата-анасы туралы деректер туу туралы куәлікте ғана көрсетіледі.
Келесі өзгерістердің бірі – азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрлерін тіркеу, оларға өзгерістер, түзетулер мен толықтырулар енгізу, акт жазбаларды қалпына келтіру және жою, қайталама куәліктер мен анықтамалар алу бойынша мемлекеттік қызметтер эксаумақтық қағидат бойынша көрсетіледі.
«Мысалы құжаттарын жоғалтқан жағдайда, азамат қай аймақта тұратына, туған жеріне қарамастан, кез-келген тіркеуші органға барып, қайталама туу туралы куәлігін ала алады. Және де азаматтардан ақпараттық жүйелерден алуға болатын сот шешімдері, медициналық анықтамалар, ел аумағында тіркелген актілер туралы ақпарат мемлекеттік органдарға ұсыну қажеттілігі жойылды. Ата-аналардың таңдауы бойынша SMS-хабарлама арқылы тууды проактивті жолмен тіркеу мүмкіндігі заңнамалық түрде реттелді, - дейді Д.Кесікбаева.
Сонымен қатар бала перзентханада туылса, анасының жеке басын куәландыратын құжатының болмауына қарамастан, нәрестеге міндетті түрде туу туралы куәлік беріледі.