Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерге азық-түлік берілді. Олардың дені ұлттық тағамдар. Қазы, бауырсақ, балқаймақ, ірімшік, құрт, брынза, қымыз, шұбат ақ желеңді жандардың иммунитетін күшейтетін құнарлы да табиғи ас.
Маңғыстаулық кәсіпкерлердің қолдарынан шыққан өнімдер осылайша шын ықыласпен табыс етілді.
«Отбасынан алыс, халықтың денсаулығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген дәрігерлерге осылай алғысымызды білдіріп жатырмыз. Жергілікті кәсіпкерлер еккен көкөністер мен қолдан дайындалған табиғи ұлттық тағамдар әкелдік. Үйдің тамағын сағынып, бала-шағасына жете алмай отырған медицина қызметкерлеріне күш-қуат, нәр болсын деген ниетте атқарылған шаруа», - дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы КҚКО бөлім басшысы Ерғали Әнесов.
Ақ халатты абзал жандар күтпеген жерден келген сый сияпатқа риза болды.
«Көптеген жерлестеріміз біз үшін алаңдап, біздің денсаулығымызды да уайымдап жатыр. Осындай азық-түлікке дейін көптеп жеткізуде Алғысымыз шексіз», - дейді дәрігерлер.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен осыған дейін блок посттарға да азық-түліктер жеткізілген болатын.