Осы жобаға жауапты «Алтынқұрық» мердігер мекемесіне бірнеше рет ескерту берілген. Алайда, ешбірі әлі күнге дейін орындалмаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК МОФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Болат Ережеповтың айтуынша, аталған учаскенің ұзындығы 29 шақырым. Бұл жобаны жүзеге асыру 2017 жылы басталған екен. Қаржының тоқсан пайызы республикалық бюджеттен бөлінген.
Бастапқыда мердігерге жолдың асфальт-бетонды жабындысы шектен төмен екені жөнінде ескертпе берілген. Бұл сынамалар жергілікті ұлттық сапа орталығының зертханасында талданған болатын. Алайда, екі рет жолданған қызметтік хат сол күйі жауапсыз қалып отыр.
Егер де бұл мекеме өзіне жолданған зертхана қорытындысымен келіспеген жағдайда өз қаражатына талдау жасатып, өкілетті органдарға шағымдана алады.
Біздің басқарма «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Маңғыстау филиалымен келісім шартта отыр. Осы себепті біз мамандар берген зертхана сараптамасына сенуге тиіспіз. Ендігі кезекте олқылық түзелмесе, ол жерді мердігер толық қырып тастап, қайтадан өз ақшасына салуы тиіс. Республикалық бюджеттен беріліп отырған ақша. Сондықтан бұл жоба биыл толығымен аяқталуы керек, - дейді Болат Ережепов.
Жол сапасын бақылаушылар тағы бір мәрте тексеру жүргізбек. Бұл ретте жол материалдары талапқа сай болмай шықса, жалпы трасса сапасыз салынған деп айтуға болады. Кемшілік түгел жойылмай, мердігер жауаптылықтан босатылмайды.
Бұл жобаға қатысты біршама ақпарат жуырда Ақтаудағы «Маңғыстау - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде талданған еді. Жиынға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Болат Ережепов қатысып, тұрғындардың фейсбук желісінде тікелей көрсетілім кезінде қойған сұрақтарына жауап берді.
Еске сала кетейік, жол сапасын бақылаушылармен бірге арнайы мониторингтік топ мүшелері де республикалық және жергілікті маңыздағы трассалардаа үнемі тексерулер жүргізіп тұрады.
Осы салаға мемлекет қазынасынан жыл сайын кемі 700 млрдтай теңге бөлінеді. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалып, нәтижелі игерілуін жіті бақылап отыр.
Осы ретте Маңғыстау облыстық филиалының мамандары өлке көлемінде жүріп жатқан көлік жолдарына қысы-жазы бірдей рейдтік тексерулерді жүргізіп, сынамалар алып жүр. Тұрғындар тарапынан мекеменің әлеуметтік желідегі парақшаларына келіп түскен өтініш-хаттар негізінде де кешенді жұмыстар жасалып жатыр.