Мемлекет сәуір және мамыр айлары үшін 15 мың теңгеден коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО энергетика - тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Елде қабылданған төтенше жағдайға байланысты коммуналдық қызмет көрсетушілерге шығындарды өтеу туралы ережеге сәйкес, халықтың әлеуметтік осал тобының келесі 7 санаты бойынша жеке шоты бар адамдарға көмек беріледі:
1) 1, 2, 3-ші топтағы мүгедектер;
2) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
3) көпбалалы отбасылар;
4) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
5) мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау, әскери қызмет атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары;
6) ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер;
7) атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, соның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер.
Маңғыстау облысында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын 73 646 адам бар. Қазіргі таңда тиісті коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындармен бірлесіп қанша адамда жеке шот бар екені анықталуда.
МО энергетика – тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаровтың айтуынша, мемлекет сәуір және мамыр айлары үшін 15 мың теңгеден коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Сондықтан өтінім беруге асығып, әуреге түспеуге шақырамыз. Өйткені сәуір айының төлемдері мамыр айында, тиісінше мамыр айының төлемдері маусым айында жүргізілетіндігін ескеру қажет.
Шығындарды өтеу ережесіне сәйкес тұтынушылар жеке сәйкестендіру нөмірі, әлеуметтік мәртебесін және жеке шот мәліметтерімен өтінім беруі тиіс.
Халықтың әлеуметтік осал тобының мәртебесі расталған жағдайда жергілікті әкімдік қаражаттарды коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелердің есеп айырысу шоттарына аударады, олар өз кезегінде, есепті коммуналдық қызметтердің көлеміне пропорционалды түрде жүргізеді.
Көмек жоғарыда аталған санаттарға жататын, өз атына коммуналдық қызмет көрсетушімен жасалған келісім-шарты бар және карантин енгізілген елді мекендерде тұратын азаматтарға көрсетіледі.
Сонымен қатар мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар және мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау, әскери қызмет атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасы мүшелерінің біреуінде жеке шоты болса да төленеді.
Айта кетейік, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2-бабына сәйкес коммуналдық төлемдер - су, жылу, газ, электр энергиясы, қоқыс шығару және лифт қызметтері үшін төленеді.
Коммуналдық қызмет шығындарын өтеу ретіндегі көмекті алу үшін тұтынушы өзінің өтінішін жұмыс уақытында сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін жергілікті әкімдік жанынан ашылған call-орталықтардың нөмірлері бойынша хабарласып, растауы қажет.
Аталған жұмыстарды ұйымдастыру қалалар мен аудандар әкімдігімен жүргізілуде және басқарманың тұрақты бақылауында болады.