Түпқараған ауданындағы ірі құс фабрикасы шілдеде іске қосылады. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Инвестициялық жобаның құны – 4,5 млрд теңге. Қазіргі таңда құсты сою цехы 80 % дайын тұр. Қажетті құрал-жабдықтар Ираннан келген. Монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал инкубатор цехының 75 %-ы дайын. Сәуір айының ішінде құрал-жабдығы келген соң монтаждау жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр.
Құс қоралары, әкімшілік ғимараттары мен гараж сынды 16 ғимараттан тұратын кәсіпорын құрылысы аяқталуға жақын. Газ, тоқ, су құбырларын тарту жұмыстары да алдағы маусым айында аяқталады.
«Аймаққа құс еті Қостанай мен Алматы қалаларынан және өзге елдерден тасымалданады. Жеке үйінде құс өсіретін тұрғындарды қоспағанда барлығы сыртқы өнімді тұтынады. Ал Түпқараған ауданындағы «Ақтау Агро» құс фабрикасы іске қосылған соң өңір халқының 1 жылдық қажеттілігінің 50 пайызын қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның жылдық қуаты – 5 мың тонна», - дейді Б.Қашақов.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақовтың айтуынша, бастапқы уақытта фабрика 30 % жұмысты бастайды да, кезең-кезеңімен 100 % қуатта жұмысқа кіріседі.
Қазір құрылыс басында 60 адам жұмыс істеп жүр. Кәсіпорын іске қосылған соң 120 адам тұрақты жұмысқа орналасады.