18-19 сәуір күндері шахматтан ФИДЕ шеңберіндегі халықаралық командалық онлайн турнирі өтті. Турнирге шахматтан әлемдік құрама командасының мүшесі Бибісара Асаубаева қатысты. Турнир барысында қазақстандық шахматшы Бибісара 4,5 ұпай жинап, ең үздік нәтиже көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа әлемдік құрама командасы, АҚШ, Франция, Ресей, Нидерланды, Қытай командалары бақ сынады. Ойынға 16 жасқа дейінгі шахматшылар қатысты.
Шахмат айналмалы жүйе бойынша, яғни 3 ерлер және 2 әйелдер тақтасы форматында өтті. Әр командаға дайындық үшін жеке жаттықтырушы берілді, төрешілер әр ойынға жеке төрелік етті.
Әлемдік құрама командасындағы жалғыз қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әйелдер арасында сынға түсті. Ол әлемдік құрамадағы қосымша көрсеткіштері бойынша ҚХР құрамасын басып озып, бірінші орынды иеленді.