16 сәуір күні тұрғындар Каспий теңізі жағалауында итбалықтардың қырылып жатқанын көрген. Олар Маңғыстау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясына хабарлаған. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің фейсбук парақшасына жазды.
Инспекция қызметкерлері жедел түрде 1, 7 және 15-ші шағынаудандардағы Каспий теңізінің жағалауына жетіп, 3 каспий итбалығын тапқан.
Қарау барысында су жануарлары шамамен күз кезінде өлгені белгілі болды.
Дене қатты бұзылып кеткендіктен сынама алу мүмкін болмады.
Теңіз жағалауы мен суда бұдан өзге итбалық ұшасы және мұнай өнімдері мен ластаушы заттар табылмады.
Облыстық инспекция мемлекеттік инспекторлары мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА