Ақтауда гипермаркетке келушілер бастан-аяқ дезинфекция жасайтын туннельден өтетін болады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі сілтеме жасап.
Дүкенге келушілерді жоғары жағынан арнайы сұйықтық бүрку арқылы толықтай дезинфекцияланудан өткізетін құрылғы Ақтау қаласындағы «Еңбек« РМК-да жасалған. Ақтаудағы ірі сауда орындарының бірі «Дина» гипермаркеті бастаманы қолдап, құрылғыны ең алғашқы болып сатып алды.
Сауда орнының дәл алдына орнатылған құрылғының жұмысы туралы «Дина» гипермаркетінің әкімшілігі Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусманға таныстырды.
«Төтенше жағдайға байланысты шектеулер енгізілгенімен, азық-түлік дүкендері, дәріхана, банктер жұмыстарын жалғастырады. Сондықтан қалған жұмыс орындары да осындай залалсыздандыру туннельдерін орналастыруға шақырамыз. Бұл халықтың игілігі үшін, әрқайсымыздың денсаулығымыз үшін пайдалы», - деді қала әкімінің орынбасары Серік Гусман.