Маңғыстау облысында 16 наурыздан бастап 129 көлік Төтенше жағдай режимін бұзған. Қазіргі таңда көліктер айып тұрағына орналастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сонымен қатар облыста карантин басталғаннан бері 224 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 41-і қамауға алынып, 31 тұлғаға айыппұл салынған.
Шекті уақыттан кейін көшеде себепсіз жүрген 84 адам ҚР әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде біреуі қамауға алынып, 23 адамға айыппұл салынды.
Бүгінгі таңда полиция бөлімшесінің барлық қызметкерлері жаяу және жол-патрульдік жұмыстарға жұмылдырылды. Ұлттық гвардия әскерлері тұрғындарға үйде болу қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыста 8 блоктық және 7 жылжымалы пост ұйымдастырылды.