Мұнайлы ауданында алғаш рет антисептик шығаратын кәсіпорын ашылды. Қазіргі таңда кәсіпорын күніне 200 литр антисептикті нарыққа шығарып отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Өнім құрамы глицерин, спирт, су тотығы т.б қосындысы негізінен тұрады. Ал шикізаттар көршілес елдерден тасымалданып отыр. Сондықтан да жергілікті өнімнің құны сырттан тасымалданатын шикізаттар есебінен қойылған.
Кәсіпорын басшыларының айтуынша, заңды тұлғаларға 1 л антисептик – 4 мың тг, ал жеке тұлғаларға 2 мың теңгеден сатылып жатыр. Жаңадан ашылған кәсіпорын 7 аудан тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
«Залалсыздандыруға арналған сұйықтыққа сұраныс артып, нарықта өнім тапшылығы сезіле бастады. Сол себепті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін антисептик шығаруды қолға алдық. Өнімді дайындау үшін шикізаттар көршілес шет елдерден алынады. Соған сай өнім бағасы да қойылды, яғни шығын көлемін есетей келе, 5 л антисептик заңды тұлғаларға 20 мың теңге деп белгіленді. Бұл 5 л өнім үлкен ұжымға арналған. Ал шағын отбасылар 200 мл, 500 мл өнімді төмен бағамен ала алады. Алдағы уақытта шикізатты әлдеқайда арзан бағамен алуды жоспарлап отырмыз», - деді кәсіпорын басшысы Н. Джалимов.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА