Ақтауда «Нұр Отан» партиясының «Біз біргеміз» акциясы жарияланды. Мақсаты - төтенше жағдай кезіндегі аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету. Акция аясында көпбалалы отбасылар, I-топ мүгедектері, бала жастан мүгедек жанды асыраушылар, тұлдыр жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, жалғызбасты зейнеткерлер және мүгедектер, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар мен Отан соғысының ардагерлері, тыл ардагерлері 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек алады.
Ақтау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің айтуынша, қалада 4 374 адам тізімге енген. Тізімдегі азаматтардың есепшотына 50 мың теңге көлемінде қаражат автоматты түрде беріледі. Сонан соң азаматтардың ұялы телефонына аталған сома аударылғаны туралы хабарлама келеді. Өздерінің есепшоты ашылған банкке барып, қаражатты алуға болады.
Еске сала кетейік, банк бөлімшелеріне барған кезде маска мен перчатка міндетті түрде болуы керек және кезекте тұрғанда 1 метр арақашықтықты сақтау қажет.
Ж.ҚАЛИЕВА