Елімізде короновирус індеті пайда болғаннан бері мешітке көмек сұрап хабарласқан отбасылардың қатары артқан. Мұнайлы ауданындағы Атамекен ауылдық Ар-рахман мешітінің бас имамы Зиядолла Емілдің айтуынша, елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері қайырымдылық шараларына баса көңіл бөлініп отыр. Бұл туралы осы мешіттің баспасөз қызметі хабарлады.
⁃ Өкінішке қарай, соңғы күндері аудан аумағында тұратын аз қамтылған отбасылардың өкілдері көптеп хабарласып, қолдау сұрауда. Әрине, мешіт қызметкерлері мұқтажға көмек беруден ешқашан бас тартпайды. Ислам - мейірімділік пен жақсылықтың діні, - дейді Мұнайлы аудандық Атамекен ауылдық Ар-рахман мешітінің бас имамы Зиядолла Еміл.
Мешіт қызметкерлері карантин жағдайында жұмыс жасап, мұқтаж отбасылардың тізімін жасап, азық-түлік таратуда. З.Емілдің айтуынша, мұндай ізгі шаралар алдағы уақытта жалғасын тауып, көмекке зәру жандарға қолдау көрсетілетін болады.