Ақтауда Түркия Республикасы құрылуының 100 жылдығына орай Yessenov University алаңында «Түркия ғасыры» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ең алдымен Yessenov University президенті Берік Ахметов Қазақстан мен Түркияның маңызды қарым-қатынасы туралы атап өтті.
- Қазақстанның тәуелсіздігін бірден мойындаған ел Түркия екенін атап өту керек. Сондықтан да екі елдің елшілігінің алар орны ерекше. Бауырлас халқымыздың қандай дәрежеде әлеуеті артып келетінін байқап отырмыз. Біздің басты міндетіміз-бір шаңырақ астында бірлігімізді сақтап, бейбіт өмір сүру. Сонымен қатар, білікті мамандармен алмасып, мықты тәжірибе жинау. Қазақстан мен Түркияның достығы мәңгі жарасып жүре берсін. Түркі елінің 100 жылдығы баршамызға құтты болсын,-деді Берік Ахметов.
Бас Консул Сабри Альптекин биыл Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуымен қатар, Түрік Сыртқы істер министрлігіне 500 жыл толғанын да айтты. Оның баяндауынша, бұл маңызды күн Түркияда 2023 жыл - «Түркия ғасыры» болып жарияланып, бүкіл әлемде тойлануда. Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Түркия білім саласы бойынша тығыз байланыста екенін айтты.
- Қазақстан – Орталық Азияның ең ірі және ең қуатты мемлекеті, жер асты мен жер үсті байлығы, жас әрі серпінді халқымен болашағы жарқын ел. Біз Қазақстанның барлық салада одан әрі дамуы мен гүлденуі жолындағы бірлескен жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз. Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің баянды болуы, бейбітшілігі мен гүлденуі- ең басты тілегіміз. «Түркия гранттары» бағдарламасы аясында, елімізде бірқатар Қазақстандық студенттер білім алуда, өз қаражатымен Түркияны таңдаған студенттердің саны, күн сайын артып келеді. Елімізде білім алуға және түрік тілін үйрену үшін ректор Берік Ахметов мырзаның қолдауымен Yessenov университетінде түрік тілі сыныбын ашу және Түркиядан мұғалім тағайындау бойынша жұмысымызды жалғастырудамыз,-деді Сабри Альптекин.
Шара аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті халықаралық ынтымақтастық және интернационализация бөлім басшысы Қарлығаш Әшірханова студенттерге Түркі кеңесі жанындағы Түркі университеттер бірлігі аясындағы «Орхун» академиялық ұтқырлық бағдарламасының мүмкіндіктері туралы айтты.
Университет өнерпаздары Ашык Вейселдің күйін шертіп, «Мен ұзақ, жіңішке жолдамын» поэзиясын оқыды. Сонымен қатар «Көроғлу», «Адай» күйлері тартылып, «Mod» әні шырқалды. «Freedom» клубы түркі халқының «Халай» биімен сахна төріне шықты.
Шара соңында консулдық студенттермен қонақтарды Түркияның әдемі суреттері қойылған фотокөрмемен тәнті етті. Университет бақшасында Түркия елінің ұлттық тағамы донер мен арнайы түрік тәттілері ұсынылды.