2 шағын аудандағы 72-үйдің қабырғасы бірнеше жыл бұрын жарылған. Тұрғындардың сөзінше бірнеше күн бұрын үйдің жылу жүйесінде апат болып, ыстық судың салдарынан қабырға тағы жарылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындар үйдің қабырғасындағы жарық уақыт өткен сайын үлкейіп келе жатқанын айтады.
«Біз ПИК-ке қанша рет хабарлассақ та нәтиже жоқ. Әкімдікке барып, арыз жаздық, әкімнің есептік кезедесуінде де айттық. Қабырға осылай жарылып, ақыры бір күні үй құлап қала ма деп қорқамыз», – дейді тұрғындар.
Төрт қабатты үй қабырғасы 1963 жылы қаланған. Онда 24 пәтер бар.
«Тіпті ыдыс жуып, тамақ дайындай алмай отырмыз. Барлық жерден ыстық су ағып тұр. Будың салдарынан пәтер іші ылғал, қабырға көгеріп жатыр. Осылайша үйдің қабырғасы жарылып жатыр. Ешкім ешнәрсе істемей отыр, шамасы, үйдің құлауын күтіп жатқан сияқты. Үйіміз құлауға шақ тұрса да әлі апатты деп танылған жоқ», - дейді үйдің тұрғындары.
Ақтау қаласындағы жылу және су құбыры желілеріне қызмет көрсететін «КЖСА» МКК жылу желісінің екпініне байланысты жөндеу жұмыстары 25 қарашада жүргізілгенін айтты.
«Алайда жылу құбырының тозуына байланысты жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Кешеден бері түнгі ауысымда да жұмыс істеп жатырмыз», - деп хабарлады «КЖСА» МКК.
Бұл тұрғын үй техникалық тексеруді қажет ететін көп пәтерлі тұрғын үйлердің тізіміне енгізілген. Биыл мұндай зерттеу жүргізуге бюджеттен 20 млн теңге бөлінген еді.
«Биыл 43 көппәтерлі тұрғын үйдің жай-күйін анықтау үшін техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді. Қосымша тағы 63 үйге тексеру жүргізу жоспарланып отыр. 2 шағын аудандағы № 72 тұрғын үй де осы тізімде. Техникалық қорытынды желтоқсан айының соңында дайын болады», - деп хабарлады Ақтау тұрғын үй инспекциясы.
Тексерілген тұрғын үйлердің ешқайсысы апатты деп танылған жоқ. Сарапшылар бұл үйлердің барлығына тек күрделі жөндеу қажет деп санайды.