18 маусымда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Отпан тау тарихи - мәдени кешенінің аумағы күл-қоқыстан тазартылды. Тұрмыстық қалдықтар жиналып, ғимараттың іші және ауласына тазарту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл акцияға «Жасыл ел» жастар жасағы құрамындағы 20 жас белсене қатысты. Жастар тарихи-мәдени кешеннің демалушылар үшін таза әрі жайлы болғаны жақсы екенін айтып, өлкеміздің тазалығын сақтауға шақырды.
Айта кетейік, Отпан тау тарихи - мәдени кешені Маңғыстау ауданы Жыңғылды селосынан 15 км шығыс бағытта орналасқан.
Бұған дейін ауданда акция аясында «Ыбықты сай» шатқалына, Тобықтыдағы «Бекет ата» жерасты мешітіне, «Масат ата» қорымына, Ақмыш, Шерқала аумақтарында сенбілік ұйымдастырылып, Онды ауылына 200, Жыңғылды және Жармыш ауылдарына 100, Шебірге 30 түп ағаш отырғызылған еді.