Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев 19 шағынаудандағы «Рахат 2» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар жол, газ және пандус мәселесін көтерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша тұрғын үйге газ қосылмаған.
- Газ болады дегендеріне 3 жыл болды. Газ жоқ болған соң барлық күш тоққа түседі. Қашан қосады?, - деді тұрғынның бірі.
Әкімнің сөзінше газ құбыры құрылыс компаниясының теңгерімінде болғандықтан, күтіп ұстау және қосу жұмыстарын құрылыс компаниясы жүргізу қажет. Сондай-ақ ол құрылыс компаниясы газ бойынша тиісті құжаттарды жасақтауы тиіс екенін айтты.
- Негізінде құрылыс компаниясы биллинг, ойын алаңы, газ мәселесін шешкеннен кейін, тұрғындарды тұрғын үйге кіргізуі қажет. Құрылыс компаниясы газ бойынша барлық қажетті құжатты жасақтап, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясына тапсыруы керек. Міндеттемелерін орындамаған құрылыс компаниясының үстінен Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына арыз жазуларыңызға болады, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев.
«Рахат 2» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жол мәселесін де көтерді. Тұрғындар «Рахат 2» ТҮК №45 тұрғын үй мен «Тыныштық» ТҮК арасына жол салып беруді сұрады.
- Екі тұрғын үй кешенінің арасында орталық кәріз құбырлары орналасқан. Сондықтан бұл жерге жол салуға болмайды. Ал көліктердің өтуіне тыйым салынып, қоршаулар қойылады, - деді қала әкімі.
Сонымен қатар, №45/2 үйдің тұрғыны кіреберіске пандус қойып беруді сұрады. Қала әкімі бұл мәселе бойынша жауаптыларға тиісті тапсырма беруге уәде етті.