Енді Форт-Шевченко қаласының тұрғындары «Алло такси» қосымшасы арқылы таксиге тапсырыс бере алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ауданның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алло такси» қызметі - отандық өнім. Елдің 26 кіші қаласы осы қосымшаны қолданады. Жақында «Алло такси» қосымшасына Форт-Шевченко қаласы енгізіліп, тұрғындарға такси қызметін көрсетіп жатыр. Бұл қызмет түрі екі қосымша арқылы орындалады, атап айтқанда, жүргізушіге және қолданушы тұрғындарға арналған.
Жүйе толықтай автоматтандырылған. Жүргізушілер тарапынан қосымша көп қолданысқа ие болса, үйде отырып қызмет көрсету немесе басқа мүмкіндіктерді пайдаланып, жергілікті тұрғындарды қосымша жұмыспен қамтамасыз етуге болады.
Негізі такси бағасы - 300-350 теңге. Түн мезгілінде де қызмет көрсету үшін Баутин ауылы, Аташ елді мекендеріне 400 теңге болатын түнгі тариф те қарастырылған. Осы орайда әр сапардан 10% алым бағдарламаны қамтамасыз етуге жұмсалады. Яғни, алдағы уақытта тұрғындарды да, жүргізушілерді де ынталандыратын әртүрлі қосымша іс-шаралар жасалады.
- Ақкетік-Аташ-Баутинге қатынайтын такси қызметін табу өте күрделі мәселе. Сондықтан «WhatsApp» чаттарында да жиі талқыланады. Такси жүргізушілерін уақытылы табу өте қиын. Менің ойымша, кез келген саладағы ыңғайлы сервистер туристер ағынының көбеюіне септігін тигізеді. Жалпы қосымша арқылы тапсырыс беру тұрғындар үшін қауіпсіз. Себебі әр жүргізуші қосымша арқылы тіркеліп, өзі туралы мәліметті толтырады. Сондықтан тапсырыс қабылдаған жүргізуші арнайы бағдарламада көрініп тұрады. Қазақстанның ірі қалаларында «Яндекс» және «Индрайвер» қосымшалары жиі қолданылады, ал кіші қалаларда бұл қызмет түрі әртүрлі деңгейде жүзеге асып отыр. Ең басты мақсатымыз - қалада сапалы, қолжетімді, заманауи такси қызметін ұйымдастыру. Ортақ мүдде үшін, туған қаламыздың дамуы үшін «Алло такси» қосымшасын мобильдік телефоныңызға жүктеп алып, жиі қолдануға шақырамын. Қосышаны пайдалану үшін App Store немесе Google Play арқылы ұялы телефонға жүктеп алу қажет, - дейді Азат Нұржауов.