МАЭК мекемесіндегі жөндеу жұмыстары осы жылдың жылдың 1-тоқсанында аяқталады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды,деп хабарлайды mangystaumedia.kz inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңір басшысынан: «МАЭК жұмысын қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 2,4 млрд теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары қашан толығымен аяқталады?», - деп сұрады.
Сауалға жауап берген Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев МАЭК мекемесіндегі жүргізіліп жатқан жұмыстар жіті назарда екенін жеткізді.
Облыс әкімінің айтуынша, Үкімет резервінен бөлінген қаражаттың қазіргі таңда 700 млн теңгесі игерілмеген.
«Оған себеп - МАЭК мекемесіне қажетті құрал-жабдықтардың, қондырғылардың ұзақ уақыт дайындалуы және жеткізілуі. 1 қаңтарға дейін игерілмеген 700 млн теңгенің 400 млн теңгесіне құрал-жабдықтар мекемеге жеткізілді. Қалған 300 млн теңгеге алынатын жабдықтар 2-тоқсанда жеткізіліп, МАЭК-тің тұрақты жұмыс істеуіне үлкен септігін тигізеді. 2023 жылы МАЭК-ке байланысты кестедегі іс-шараларды орындадық. Оған резервтен бөлінген қаражаттың да ықпалы болды. Жылу электр станциясындағы 2-энергоблоктың жөндеу жұмыстары осы жылдың 1-тоқсанында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Бөлінген қаражаттың тиімді және уақытылы игерілуі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында», - деді Нұрлан Ноғаев.