Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу қолайлы болуы үшін «Маңғыстау ЕРЦ» ЖШС Ақтау қаласы әкімдігімен бірлесіп бірыңғай төлем құжатын жасау жобасын іске қосты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Бірінші түбіртек (жировка) 2024 жылдың қаңтар айында жасақталды. Бұл түбіртекті банк қосымшаларында төлеу қолжетімді. Түбіртекке «МАЭК» ЖШС және «Каспий жылу, су арнасы» МКК қызметтері кірді. Келесі кезең - бірыңғай төлем құжатына қосымша коммуналдық және өзге де қызметтерді қосу.
Бірыңғай төлем құжатын төлеу үшін сізге банк қосымшасының қажетті бетін ашатын түбіртектің жоғарғы бұрышында орналасқан QR кодын сканерлеу жеткілікті.
Сондай-ақ, банк қосымшасында Маңғыстау ЕРЦ «Пәтер үшін түбіртек» параметрін таңдауыңызға да болады. Содан кейін «МАЭК» ЖШС және «Каспий жылу, су арнасы» МКК дербес шотына сәйкес келетін дербес шотыңызды теріп, көрсетілген ақыны төлеуге болады. Төлем тиісті қызметтер көрсететін мекемелердің есеп айырысу шоттарына жіберілетін болады.