
«Бұл өте ауыр жұмыс. Жыртылған, лас киім кешектер де келіп жатады. Кей заттардың арасында тамақ қалдықтары, пайдаланылған бала жөргектері де кездеседі. Осындайдан қойма ішінде тарақан, тышқан секілді жәндіктер пайда бола бастады. Қоймаға 3 ай сайын дезинфекция жасаймыз. Ал заттарды сұрыптаумен айналысатын жұмысшы әйел таңертеңнен кешке дейін еңбек ететін болғандықтан біз оған жалақы төлейміз. Біздің қайырымдылық қорымыздың ашылғанына 10 жылдай уақыт болды, бізді ешкім қаржыландырмайды, сондықтан біз чатқа қосылу үшін арнайы баға қойдық. Бұл келісім арқылы жасалды. Қазір сол чат арқылы заттар алып отырған барлық чат мүшелерінің жазбаша келісімдері бар. Сондай-ақ, киім кешек, т.б заттарды аудандарға апару үшін арнайы жүк көлігін жалдаймыз. Ол үшін де қаржы керек. Жалғызбасты қарттарымызға ас дайындап әкеліп беретін көпбалалы аналарға да жол ақыларын төлеп береміз»,- дейді Иманғазы Досмұхамбетов.
«Мен біздің үстімізден шағымданушылар туралы білемін. Олар бұрын бізден аз қамтылған жанұя ретінде тегін киім- кешектерді алып, базарға апарып сатумен айналысты. Біз қазір оларды жәрмеңкеге қатыстырмаймыз. Олар соған ызаланып жүр деп ойлаймын. Менде тіпті осы «Добрый» дүкенін жапсам деген де ой болған. Бірақ көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жанұялардан өтініш түскен соң, заттарды қабылдауды жалғастырдық»,- дейді қор басшысы.