Маңғыстау ауданындағы Сай-Өтес ауылындағы апатты үйде тұратын тұрғындар басқа баспанаға тезірек көшіруді талап етуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аудан орталығынан қашықта орналасқан ауылдағы 11 отбасы тозығы жеткен үйде тұрудан бас тартып отыр. Пәтерін қайта-қайта жөндеп шаршаған олар жарамсыз деп танылған үйде түнеуге де қорқады. Қабырғасы сөгіліп, төбесінен су сорғалап тұрған үйдің тұрғындары жанын шүберекке түйіп күн кешіп жатыр.
- Бір күні үйіндінің астында қалып қоямыз ба деп алаңдаймыз. Өмірімізге қауіп төніп тұр. Қабырғаның бәрі сөгіліп жатыр. Жел қатты соғады, жаңбырдан су кіреді. Мұндай үйде жылу да болмайды ғой. Тез арада бізге көмек беруін сұраймыз, - дейді ауыл тұрғыны Тазагүл Мұханова.
Тұрғындардың сөзінше Сай-Өтес ауылында мұндай жағдайда тұрған екіқабатты 18 үй бар. Ал соның үшеуіне ғана сараптама жасалып, комиссия апатты деп таныған.
Тұрғындар төбесі жарық үйін су алып кетпесін деп бөлмелерге ыдыстарды қаз-қатар тізіп қояды.
- Үйдің төбесі құлап жатыр. Әсіресе жаңбыр жауғанда қиын. Қысқа дейін бізді көшіруін талап етеміз. Жаңа үй салатын болса да сапасы жақсы болады деп ойламаймын. Одан да қаржылай бергені дұрыс. Сай-Өтесте үйлер 7 млн теңгеден басталып, 10 млн теңгеге дейін барады. Үй алуға қаражат берсе қалғанын өзіміз жеткіземіз, - дейді Сай-Өтес ауылының тұрғыны Шолпан Сейілханова.
Бір мәдениет үйі 10 жылда салынған ауылда жаңа үй тұрғызылады дегенге халық сенбей отыр. Ал өз күшімізбен көшіп кетейін десек жағдайымыз жетпейді дейді олар. Дегенмен әкімдік бұл мәселенің келесі жылы шешілетінін хабарлады.
- Қазір облыстық бюджеттен 1 қабатты, 4 басты, 4 үй салуға қаржы қаралып жатыр. Екіқабатты 3 үйде тұратын 11 отбасыны сонда көшіреміз. Ал заң талаптарына сай бір үй деп бағаланып отырған бағалау құнымен тұрғындардың қолына қолма қол ақша беру қарастырылмаған, - деді Сай-Өтес ауылдық округінің әкімі Сабыржан Әбдиев.
Әкімнің сөзінше жобалық-сметалық құжат жасалса, үйдің құрылысы келесі жыл басталуы мүмкін. Бұдан өзге ауылдағы 15 үйге жөндеу жүргізу жоспарланып отыр екен.
Махаббат Нұржанқызы