© Архив
Маңғыстау облысының прокуратурасы 1,4 млрд теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуының жолын кесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңірдің прокуратурасымен мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілген талдау нәтижесімен «МАЭК» ЖШС қызметінде 1,4 млрд теңге көлемінде заң бұзушылық деректері анықталды.
Кәсіпорын технологиялық бұзушылық актісі негізінде «RTEX» ЖШС-мен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей негізсіз жасағаны белгілі болды.
«Аталған акт бекітілген қағиданың талаптарын бұза отырып жасақталған. Яғни қағидаға сәйкес I және II дәрежелі бұзылыстарды тексеру нәтижелері ресімделеді («Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің, электр станцияларының, аудандық қазандықтардың, электр және жылу желілерінің жұмысындағы технологиялық бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізу және оларды есепке алу қағидалары» ҚР ЭМ 20.02.2015 жылғы №121 бұйрығы). Кәсіпорында бір көзден шарт жасасуға негіз болған апаттар орын алмаған», - деп жазылған Маңғыстау облысының прокуратурасы таратқан мәліметте.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде сот технологиялық бұзушылық актісі және мемлекеттік сатып алу туралы шарт жарамсыз деп танып отыр.
Осылайша, 1,4 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жолып кесіліп, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылып, бірқатар басшылар өз қызметтерінен босатылды.