Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қабылдауға қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Тілеп Баймағамбетов және жауапты бөлім басшылары қатысты. Тұрғындар шаһар басшысына тұрғын үй, кәсіпкерлік мәселесі және өзге де жеке мәселелері бойынша жүгінді. Қабылдауға келген тұрғындардың бірі қала әкіміне тұрғын үй мәселесін айтты. Тұрғын үй кезегіне ол 2019 жылы тіркелген. Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Жадыра Әуезова тұрғын үй кезекпен берілетінін айтты.
- Жеке қабылдауға келген адам үй алу кезегіне қала әкімдігінің жанындағы коммуналдық тұрғын үй қорынан мемлекеттік, бюджеттік мекеменің қызметкерлері санаты бойынша тіркелген. Тұрғын үй кезек бойынша беріледі. Кезегіңізді kezekte.kz сайты арқылы тексере аласыз. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азамат тұрғын үйді несие түрінде «Отбасы» банк арқылы 5 пайызбен алуына болады, - деді Жадыра Әуезова.
Қала әкімі жауапты бөлім басшыларына тұрғындардың мәселелерін шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.