Маңғыстауда NEET санатындағы жастарға жаңа, заманауи білім алуға мүмкіндік беретін «Талаптан» әлеуметтік жобасы басталды. Қазңргі таңда аталған әлеуметтік жобаға тіркелу жүріп жатыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Абылай Фазылбек айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Абылай Фазылбектің айтуынша NEET санатындағы жастардың қатарына уақытша жұмыссыз жастар, биылғы түлектер (1 ай мен 1 жылға дейін), үй шаруашылығындағы жастар, бала күтіміндегі жас аналар, оқу орнына түсе алмаған мектеп түлектері жатады.
- Аймақта, елді мекендердегі жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды мемлекеттік қолдау шараларына тарту, оларды әлеуметтендіру мақсатында Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ҮЕҰ арналған мемлекеттік грант жариялаған. Нәтижесінде «Түпқарған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанды. Жастар басқармасы грантты орындау үшін «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігіне NEET санатындағы және жұмыссыз жастарды 5 заманауи мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыруды, қоғамдық-саяси іс-шараларға тартуды, қаржылық, құқықтық және психологиялық семинар-практикумдардан өтуді міндеттеп отыр. Аталған жоба аясында нақты нәтижелерге қол жеткізуді жоспарлап отырмыз, - деді Абылай Фазылбек.
«Түпқараған жастары» қоғамдық бірлестігінің директоры Наурызбек Мағдатовтың айтуынша, жобаның мақсаты - Маңғыстау облысы аумағындағы барлық аудандарды қамтитын NEET санаты жастарын оқытуға, қоғамдық – мәдени, спорттық және ағартушылық іс – шаралар ұйымдастыруға, жастардың дамуына қолайлы жағдай жасау.
- «Talaptan» әлеуметтік жобасы аясында аймақтағы кемінде 900 жас «Графикалық дизайн 0 - ден бастап», «Веб программалау», «Менеджер маркетплейс және тендер», «Мобилография және SMM», «Hademade –қолөнер» курстары арқылы 5 заманауи мамандықты меңгеруге, білікті бизнес сарапшыларының кәсіп ашу бойынша тегін консультацияларын алуға, мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпарат алуға, қаржылық және құқықтық, психологиялық семинар-практикумдардан өтуге мүмкіндік алады. Жоба «Автобуспен 1 күн» кеңес беру шарасымен басталады. Кеңес беру шарасы Маңғыстау облысының барлық аудандарында тұрғындарға арнап бағыт-бағдар беру мақсатында кездесулер өткізеді, - деді Наурызбек Мағдатов.
Жобаның орындалу барысы туралы барлық ақпарат talaptan-mangystau.kz сайтында жарияланады. Жобаға қатысуға өтінімдер де веб-сайт арқылы беріледі. 14 маусымнан бастап +7 700 271 21 73 және + 7 700 362 91 62 нөмірі бойынша жобаның бірегей жедел желісі іске қосылады.