Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті.
Сондықтан, бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді.
Мен өз әріптестеріме және азаматтарға әділетті әрі адал қарым-қатынас жасаймын ба? Мен әдептік құқық бұзушылықтарға төзбеушілік және парасаттылық қағидаттарын қаншалықты сақтаймын? Қоғамның биік сенімін ақтау үшін қандай болуым керек?,-деген сұрақтар үнемі мемлекеттік қызметшінің көкейіндегі сұрақтар болуы керек.
Әдептілік-қалыптасқан ұлттық мәдениеттің белгісі, ұлттық қазақи тәрбиенің ізгі бастауы. Ғұлама философ, ғалым Әбу-Насыр әл-Фараби әдепті жақсылық пен жамандықты айыруға мүмкіндік беретін ғылым деп қарастырып, «Әдептілік-әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы, қазынасы»,- деп айтқан.
Соның ішінде ел тізгінін ұстап, халыққа қызмет жасап жүрген мемлекеттік қызметшілер жоғары мәдениеттің, парасаттылық сыпайылық, кішіпейілділік, әдептіліктің мінсіз бейнесін халыққа көрсетуі тиіс. Демек, қоғам арасында мемлекеттік қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, сенімділік қалыптасуы қажет.
Олай болса, кім-кім де әдеп нормаларын аттап кетпей, өзінің барлық іс-әрекеттерін осы қағидалармен бағамдап, мінез-құлқын әдеп ережелеріне сай ұстай алғанда ғана тіршіліктегі көздеген арман мақсатына жете алады.
Қорыта келе, мемлекеттік қызметшілердің әдебі олардың қызметінен тыс кезде де өзінің адалдығына, ар-ұятына қатысты сырт көздің күмәнін тудырмау, әдеп талаптарын сақтап, оны мүлтіксіз орындау қоғамдағы жауапкершілігі мен міндеті болып саналады.
Адам әрдайым тек сырт сұлулығымен емес, ішкі жан дүниесімен, әдептілігімен, мәдениеттілігімен әдемі.
Маңғыстау облысы бойынша
Қазынашылық департаменті
басшысының орынбасары
Майра Сардарбек