Каспий теңізіндегі «Қашағаннан» мұнай өндіретін NCOC компаниясына салынған 12 млрд 419 млн теңге айыппұл өндірілген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Экологиялық реттеу және бақылау комиетінің мәліметінше, 2022 жылы экологиялық инспекция «North Caspian Operating Company» (NCOC) компаниясының теңіз кешеніне тексеру жүргізілген. Соның нәтижесімен экологиялық талаптардың нормаларын бұзу, оның ішінде экологиялық рұқсатсыз күкіртті газды жағу, өндірістік суларды Каспий теңізіне тазартусыз ағызу фактілері анықталған.
«NCOC компаниясына қатысты 5 әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік істер Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Биылғы ақпан айында Атырау қаласы сотының апелляциялық сатысымен компанияға 12 млрд 419 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде төленді», - деп хабарлады аталған комитеттен.
Алайда қазір бұзушылықтарды жою туралы бұйрық Жоғарғы сотта қаралып жатыр. Бұған дейін Астана қаласы сотының 1-ші және 2-ші сатысында нұсқама заңды және негізделген деп танылған болатын.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында экологияны бүлдіргендерге 48 млрд теңге айыппұл салынған болатын.