Бүгін «Батыс» өңірлік қолбасшылығының көмегімен Жем өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Бүгін (8 сәуір) жоспар бойынша су басқан аймақтарға гуманитарлық және басқа да жүктер тікұшақтармен тасымалданады. Су басу қаупі бар елді мекендерден халық тікұшақтармен эвакуацияланады (өтінім бойынша). Сонымен қатар Қарулы Күштердің жеке құрамы Атырау, Қостанай, БҚО және Ақмола облыстарында көмек көрсетуді жалғастырады», - деді Руслан Жангулин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, министрлік өкілінің айтуынша, бүгін «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тобы Жем өзенінде мұз жару жұмыстарын жүргізбек.
Одан бөлек, Ойыл өзенінен өтетін паром арқылы Ойыл кентінің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріледі.
Кеше Атырау облысы (Жылыой ауданы) Жем өзеніндегі жасанды бөгеттерді бұзу жұмысы басталғаны туралы хабарлаған едік. Бұл – өзен арнасын бұру үшін жасалған қадам.