© Gov.kz
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Береке ауылына су тасқынына байланысты Маңғыстаудан 27 құтқарушы көмекке барған. Олар кешеден бері 3000 қап толтырып, 2,5 шақырым бөгет соққан, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты atpress.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Жылыой ауданында төтенше жағдай енгелі бері басқа аудандар мен өзге облыстардан түрлі көмек келіп жатыр. Олар су басу қаупі бар ауылдардағы жаға бекіту жұмыстарына бөлініп жатыр.
Кеше Жылыойға Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің күштік құрылымы көмекке жетті. Маңғыстаудан барған 72 қызметкердің жартысы жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылды.
- Маңғыстаудан бес қайық, жеті арнайы техника келді. Қалған қызметкерлер мен қайықтар су басқан елді мекендердің тұрғындарын тасымалдау жұмысына жұмылдырылды,-деді Маңғыстау облыстық ТЖД подполковнигі Ғабит Омаров.
Сондай-ақ Алматы облысынан 115 адам, 4 қайық, 4 мотопомпа, 1 ұшқышсыз ұшу аппараты, 2 жарық мұнарасы және 2 спутниктік телефон жеткізілді. Ақтөбе облысынан 20 әскери қызметкер мен 4 жедел құтқару жасағы, бес мотопомпа мен 2 қайық келді. Олар жаға бекіту, бөгет салу жұмыстарына жұмылдырылған.