© Фото: Атырау облысының жедел штабы
Атырау облысында Жайық өзенінің мол суы Соколок каналымен Каспий теңізіне құйылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Жайық өзеніне мол су әлі келіп жатыр. Соған байланысты Атырау қаласы мен оған іргелес орналасқан елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін екі каналға маңыз берілді.
Соның бірі – Соколок каналы. Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен Жайық өзенінің суын осы канал арқылы Каспий теңізіне бұру жоспарланды.
Бұл каналдың негізгі ұзындығы – 32 шақырым. Каналдың табанын тазалау, жағалауын бекіту жұмыстарының үйлестірушісі Олжас Сұлтановтың мәліметіне сүйенсек, Соколоктың су өткізу қуаты секундына 100 текше метрді құрайды.
«Су тасқынына дайындық кезінде Жайық өзенінен бастау алатын каналдарға маңыз берілді. Әсіресе, Атырау қаласына қарай ағатын мол суды азайту үшін Соколок каналының мүмкіндігін пайдалану көзделді. Өйткені, бұл канал мұнайлы шаһарды айналып өтіп, Жайық өзені мен Каспий теңізінің аралығын жалғастырады. Бұл – Соколок каналының басты ерекшелігі. Бастапқы жоспарға сәйкес қолданыстағы каналдың жағалауын бекіту қолға алынды. Кейін жағдайды жете зерделеп, ескісінің жанынан жаңа канал қазу туралы шешім қабылданды. Себебі ескі каналдың көп жері батпақ, техниканың жұмысына қиындық келтірді», - дейді Олжас Сұлтанов.
Оның айтуынша, жаңа каналдың жағалауына барлық стандартқа сәйкес нығыздалған бөгет тұрғызылды. Бөгеттің биіктігі – Балтық межесі бойынша 21 метр. Ал еңіс тұстардың бәріне геодезиялық өлшем жүргізіліп, арнайы белгімен реттелген.
Атырау облысы жедел штабының ақпаратына қарағанда, Соколок каналының бойында тәуліктік кезекшілік қойылған. Өткен аптада жауған жаңбырдан кейін үш учаскеде бөгетті нығайту жұмысы жүргізілді. Оған 47 адам, 36 техника тартылды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда тасқын судың ортасынан 80 жылқы қауіпсіз аумаққа шығарылды.