Түркістаннан Абу-Дабиге жаңа әуе рейсі ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бағасы қолжетімді билеттер 2023 жылдың қараша айынан бастап wizzair.com сайты мен мобильді қосымшасында сатылымға шыққан. Бағасы – 19 мың теңге шамасында. Бұл БАӘ-нің 159 дирхамына тең.
Ұшақ Түркістан қаласынан Әбу-Дабиге 16 қаңтардан бастап ұшады. Рейстер аптасына 3 рет — сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері заманауи «AirBus 321» және «A321 ceo» ұшақтары арқылы орындалады. Түркістан әуежайының мамандары ұсынған мәліметке сүйенсек, қазіргі кезде бірінші рейске 168 әуе билеті сатылған.
Жолаушылар рейсті ұшу уақытынан 3 сағат бұрын ешқандай комиссиясыз өзгерте алады. Аталған бағытта ұшу уақыты — 3 сағат.
Жаңа бағыт қос қала тұрғындары мен қонақтары үшін туристік мүмкіндіктерді кеңейтеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан халықаралық әуежайы Ыстамбұл және Эль-Кувейт және еліміздің Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал және Қарағанды әуе бағыттарына қызмет көрсетіп келеді.