© Gd.ru
Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев Сенат депутаттары өрт қауіпсіздігін сақтамаған кәсіпорындардың жұмысын екі айға тоқтатуға мүмкіндік беретін бапты қарап жатқанын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Төтенше жағдайлар министрлігі биыл бизнесті өрт қауіпсіздігіне тексере ала ма? Талапты сақтамаған кәсіпорындар жабыла ма?» - деп сұрады журналист Үкімет отырысынан кейін өткен брифингіде.
Марғұлан Аманбаев шағын және орта бизнесті тексеруге қойылған мораторий биыл алынғанын еске салды.
«Жылдың бірінші жартысында тексеру жүргізбейміз. Мораторий кезінде оларды тізімге енгізбеген едік. Сондықтан жылдың екінші жартысынан бастап бүкіл бизнесті тексеру басталады. Тексеруден өте алмаған кәсіпорындарды жабуға келсек, қазір Сенатта заң қаралып жатыр. Ол заң бойынша айыппұл көлемі ұлғаю керек және өрт қауіпсіздігін сақтамаған кәсіпорындарды жабу құқығы пайда болады. Айыппұлдар шағын және орта бизнес үшін 15 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін, ірі бизнес үшін 150 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Сондай-ақ бизнестің қызметін екі айға тоқтата тұру құқығы пайда болады», - деді комитет басшысының орынбасары.