Қостанайда такси жүргізушісін пышақпен қорқытқан ер адам ізін суытпай ұсталды. Ол қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылып, төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды mangystaumedia.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Рудный қаласының екі тұрғыны таксимен облыс орталығына барған. Қалаға кіре берісте жолаушылардың бірі такси жүргізушісінің мойнына пышақ тақап, оларды басқа елді мекенге жеткізуін сұрап, ақша талап еткен. Полиция көлігін көрген такси жүргізушісі олардың назарларын аудару үшін әдейі соққан. Күдікті оқиға орнынан қашып кетпек болған, бірақ патрульдік полиция қызметкерлері оны дереу ұстады.
"Қылмыстық іс - "Тонау әрекеті" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Көлік соқтығысы салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Қызметтік көлікке жеңіл материалдық шығын келтірілген", - деп хабарлады ведомство.