Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының пікірінше, ЕАЭО күллі Еуразия кеңістігін байланыстыратын стретегиялық буын қызметін атқарады. Ұйымның осы мәртебесін сақтап қалуға мүше мемлекеттердің барлық мүмкіндігі бар.
– Бұл жерде, ең алдымен, Таяу Шығыс, Иран, Пәкістан және Үндістан елдеріне шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту туралы сөз болып отыр. Осы орайда Қазақстан бастамасымен «Челябинск – Болашақ – Иран» бағытын іске қосу жобасының жүзеге асырыла бастағаны қуантады. Біз өз тарапымыздан еліміздегі теміржол желілері мен автомобиль жолдарының талапқа сай келмейтін учаскелерін реконструкциялауға әзірміз. Мен бұл ретте Бейнеу – Маңғыстау, Мақат – Қандыағаш теміржол желісі мен Бейнеу – Шалқар автомобиль жолы туралы айтып отырмын. Көлік дәлізін одан әрі дамыту үшін Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның логистикалық компаниялары бірлескен кәсіпорын құрып жатыр. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің теміржол әкімшіліктерін осы жұмысқа атсалысуға шақырамын. Қазақстан өзінің көлік-логистикалық құрылымы мен оның Еуразиялық экономикалық одақпен байланысын белсенді нығайтуда. Біз Қытайдың Сиань қаласында және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысын аяқтауға жақындадық. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекарада және Каспий теңізінде 5 трансшекаралық көлік-логистикалық хабын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Таяу жылдары 1300 шақырымдық жаңа теміржол желісінің, «Бақты» және «Қалжат» құрғақ порттарын, сондай-ақ Иранның Бендер-Аббас қаласында теңіз портын салу жоспарланған. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді өзара тиімді жобаларды бірлесе іске асыруға, соның ішінде ірі стратегиялық порттардың серіктес желілерін, логистикалық орталықтар мен пошта хабтарын салуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.