© primeminister.kz
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жаңа жылдағы алғашқы жұмыс кеңесінде қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-Министр 25 желтоқсаннан бастап Қазақстанның барлық өңірінде ауа райы күрт бұзылғанын атап өтті. Ауа райына байланысты 150-ге жуық ескерту жарияланып, көлік жолдарында қозғалыс тоқтады және шектелді.
«Жалпы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс жүргізді. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жекелеген ведомстволар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту керек», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы барлық үйлестіру штабының жұмысын жандандыруды, көлік жолдары мен елді мекендердегі көшелерді қардан тәулік бойы тазартып отыруды, сондай-ақ жолаушыларды жылыту бекеттеріне шұғыл эвакуациялау үшін көлік құралдарының қорын қалыптастыруды талап етті.
«Көлік министрлігі мен “ҚазАвтоЖол” компаниясы республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуы керек. ТЖМ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, қолайсыз ауа райы туралы халықты алдын ала хабардар етуі тиіс», — деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов шектеулер кезінде көлік құралдарының қозғалысына жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді және қажет болған жағдайда арнайы техниканы күрделі жол учаскелеріне жедел жіберуді тапсырды.
Мереке қарсаңында автомобиль көлігіне жүктеме айтарлықтай өскен. 28 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында еліміздің солтүстік-шығыс және орталық бөлігінде қар аралас жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетіп отыр. Жол қозғалысы қиындап, 13 облыста 107 қысқа мерзімді жол қозғалысына шектеу қойылған.
Жағдайды тәулік бойы бақылап, қажетті шараларды қабылдау мақсатында жедел штаб жұмыс істеді. Жол қызметтері әкімдіктермен және полициямен бірлесіп, Астана мен Қарағанды, Астана мен Көкшетау арасында 47 автоколоннаны алып жүруді ұйымдастырды. Бұл қолайсыз ауа райы жағдайында 42 мың көліктің өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұл ретте жабылған жолдарды тәулік бойы тазалауға 422 бірлік жол-пайдалану техникасы және 700-ден астам адам жұмылдырылды.