© Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы
Атырау облысындағы Тұзды көліне құятын каналдан 441 келі өлі балық жиналып алынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, балық шаруашылығын ғылыми-өндірістік орталығы, Атырау облысы бойынша экология департаменті, Жылыой ауданының прокуратурасы және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен жұмысшы тобы құрылды.
«Жұмыс тобы оқиға орнына барып, каналда мөңке балығының қырылғаны анықталды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өлген балықты жинау, кейіннен жою жұмыстары ұйымдастырылды. 2 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 21:00-егі жағдай бойынша жиналған балықтың салмағы 441 келіні құрады», - деді инспекцияның баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі уақытта өлген балықты жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Балық қырылған жерден зертханалық зерттеу үшін өлген балық пен судан сынама алынған.
«Алдын ала болжамға сәйкес балықтың қырылуына судағы оттегінің жетіспеушілігі себеп болған. Өйткені, ауа температурасы төмендеп, каналда мұз қатқан» деп мәлім етті инспекцияның баспасөз қызметінің мамандары.