Бағдат Мусин еліміз бойынша интернет сапасы не себепті нашарлап кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің айтуынша, қазір осыған қатысты шағым жиі түсетін болған.
«Интернет сапасы төмен деген шағымдар көп. Оны біз мойындаймыз. Бірақ кейбір факторларға тоқталғым келіп отыр. Қазіргі уақытта цифрлық экономиканың, ойын-сауық контенттің өсуі, бизнестің виртуальды кеңістікке шығуы, яғни экономикалық іс-әрекет платформалық модельге өтуіне орай, интернет траффикті пайдалану қарқыны едәуір өсіп келеді. Пандемия кезінен бастап, бұл көрсеткіш 800 петабайтқа жетті», - деді Б. Мусин Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.
Министр Халықаралық телекоммуникация одағының (ITU) мәліметі бойынша былтыр бүкіл әлем бойынша интернет пайдаланатын адамдардың саны 4,9 миллиардтан асқанын атады. Ал дәл осы уақыттта елімізде интернет пайдаланушылардың саны 90,9 пайызды құраған.
«Елімізде ғаламторды пайдаланатындардың саны ғана емес, сонымен бірге олардың ғаламторға кіріп отыратын уақыты да өсіп келеді. Аталған факторлар байланыс инфрақұрылымына түсетін салмақтың артуына басты себеп болып тұр», - деді ол.
Сонымен бірге Бағдат Мусин еліміздегі сапасыз байланыс пен интернет үшін операторлар айыппұл төлеп жатқанын жеткізді.