ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша А.В.Кучукова мен Е.Т. Садыровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған азаматтар криптовалютаны қолма-қол ақшаға айырбастап, аса ірі мөлшерде табыс тапқан. Заңсыз қызметтен түскен ақша айналымы 15 млрд теңгені құраған. Олар 1,5-нан 2,5% - ға дейін сыйақы комиссия алып отырған.
Мемлекет кірісіне криптовалюта әмиянының балансындағы 22894,5 USDT мөлшерінде қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер, 328 мың АҚШ доллары және 7 млн теңгеге жуық ақша тәркіленді.
Сот А. В. Кучуковты мүлкін тәркілеп, 3 жыл мерзімге, ал Е.Т. Садыровты мүлкін тәркілеп, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.
«Қазақстан аумағында заңды тұлғасыз және лицензиясыз айырбастау операцияларын жүзеге асыруға тыйым салынғанын ескертеміз»,-делінген хабарламада.