© Orda.kz
14 қараша күні бір Қазақстанның бес облысында бір сәтте дүниеге келген үш ұл мен екі қыз елге танымал балалар атанды. Сәбилерге қандай есім қойылды және олардың ата-аналары кім екенін mangystaumedia.kz сайты orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
20 миллионыншы болып туылған алғашқы сәбилердің бірі – Әлімхан.
Қазақстанның 20 миллион тұрғынының бірі Түркістан облысының Жетісай ауданында туылған. Оның салмағы – 3400 грамм, бойы – 51 см.
Әлімхан – Асықат ауылында тұратын Ерғали Шәкенов пен Гүлмира Ізтілеуованың отбасында төртінші сәби. Баланың анасы – «Жеңіс» мектебінде биология пәнінің мұғалімі, ал әкесі – жалдамалы қызметкер. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды перзентханада жатқан ата-ана мен сәбиді құттықтады. Ол статистикалық мәліметтерге сәйкес, әр жетінші қазақстандық Түркістан облысында дүниеге келетінін атап өтті.
«Бүгінде облыс халқының саны екі миллионнан асты. Түркістан облысы еліміздегі адами капиталды арттыруға ерекше үлес қосып келеді. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш», - деді әкім.
Расында да, статистикаға сүйенсек, Түркістан облысы – еліміздегі демографиялық көрсеткіші жоғары өңір. 2022 жылы мұнда 57 мыңнан астам бала дүниеге келген. Ал биылғы жылдың басынан бері – 45,5 мыңнан астам. Айтпақшы, 20 миллионыншы Әлімханмен бір күнде 139 сәби туылды.
Екінші сәби – Томирис.
Жезқазғанда дүниеге келген «мерейтойлық» сәби – 19 жастағы Әйгерім Молдашева мен Серіктас қызметінің құтқарушысы Сұңғат Сейітжанның тұңғыш перзенті.
Бұл күні Жезқазғанда тағы алты қыз, төрт ұл дүниеге келген. Олардың барлығына қала және облыс әкімдерінің атынан сыйлықтар табыс етілді.
Үшінші сәби – Мұхаммед.
Атырау облысында туылған 20 миллионыншы қазақстандық – Берік Жұмағазиев пен Айдана Оразымбетованың отбасындағы тұңғышы. Бала салмағы – 3 келі 660 грамм, бойы – 54 см. Әкесінің айтуынша, әйелі екеуі Мұхаммедтің дүниеге келуін төрт жыл күткен.
«Бүгін таңертең әлеуметтік желілерден еліміздің 20 миллионыншы азаматы дүниеге келді деген хабарды оқыдым. Солардың ішінде менің балам бар екен деп ойладым. Осы кезде әйелім телефон соғып, қуанышты хабарды айтты. Баламызды төрт жыл күттік. Отбасымызды ғана емес, бүкіл елді қуанышқа бөледі. Мен ұлым болашақта нағыз патриот болып, елі мен халқына адал қызмет етсе деп армандаймын»- деді сәбидің әкесі.
Атырау облысында жыл басынан бері барлығы 14 мыңға жуық бала дүниеге келген.
Төртінші сәби – Ясина.
Ақмола облысында Ясина есімді ару жиырма миллионыншы балалардың бестігіне енді. Ол – Динара Каренкина мен Айдар Исеновтің отбасындағы екінші бала. Алдында ағасы бар.
Жаңа туылған нәрестенің анасы 11 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі, ал әкесі Бурабай ауданындағы астық қабылдау пунктінде бас энергетик болып жұмыс істейді.
«Бұл біздің отбасымыз үшін күтпеген және өте қуанышты күн! Бұл – біздің екінші баламыз. Баршаңызға бейбіт аспан тілеймін! Біз өз тарапымыздан балаларымыздың бақытты отбасында, бейбіт жағдайда өсуіне жағдай жасаймыз», - деп бөлісті Ясинаның әкесі Айдар Исенов.
Жыл басынан бері облыста 9,5 мыңнан астам бала дүниеге келген.
Бесінші сәби – Айсұлтан.
Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны Талдықорғанда дүниеге келді. Баланың атын Айсұлтан қойған.
Айсұлтан – Диана мен Мұхтар Әзімбаевтардың отбасындағы төртінші бала. Жаңа туған нәрестені үйде әпкесі мен екі ағасы күтуде.
Сәбидің анасының айтуынша, ол ұлының есімі дүниеге келген күннен бастап ел тарихында қалатынын елестете алмапты.
«Бұл үлкен қуаныш және жауапкершілік. Жолдасым екеуміз оны лайықты азамат етіп тәрбиелеуге бар күшімізді саламыз»,- деп бөлісті анасы.
Сәбидің әкесі Талдықорған қаласындағы әскери бөлімде жұмыс істейді, ол ұшу директоры(жақын аймақ), майор.
«Мен өзім Шымкенттен келдім. Талдықорғанға кезекшілікпен келгенмін, 10 жылдан бері осында жұмыс істеймін. Осы уақыт ішінде Жетісу өңірі менің үйіме айналды. Осында отбасын құрдым, балаларым да дүниеге келді. Қазір көп баланың әкесі атандым. Бұл жерді құтты жер деп бекер айтпаған», - деді Әзімбаев.
Жетісу өңірінде жыл басынан бері 10,5 мыңнан астам сәби дүниеге келген.
Естеріңізге сала кетейік, әрбір 20 миллионыншы сәбиге туу туралы арнайы куәлік, мемлекет басшысының атынан бэйби-бокс пен арба берілді. Сондай-ақ «Отбасы Банкі» АҚ тарапынан отбасыларға екі миллион теңгеге сертификат табысталды. Бұл ақшаны депозитке сақтап, кейін баланың оқуына немесе баспана сатып алуға жұмсауға болады.