ҚР Ұлттық банкі басқарманың "2011 жылғы үлгідегі және 2023 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік банкноталарды параллель айналысқа енгізу мерзімін белгілеу және ауыстыру туралы" қаулысын дайындады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Ескі және жаңа банкноталардың параллель айналыс мерзімі 2023 жылғы 25 желтоқсаннан 2024 жылғы 24 желтоқсанға дейін белгіленді.
Қаулыда жаңа үлгідегі банкноталар мен ескі үлгідегі банкноталардың параллель айналысы кезеңінде заңды төлем құралы бола беретіні көрсетілген. Төлемдер мен аударымдардың барлық түрлерін жүзеге асыру, банк шоттарына есептеу үшін республиканың барлық аумағында номиналды құны бойынша қабылдануға міндетті, сондай-ақ Ұлттық Банктің барлық филиалдарында, Ұлттық пошта операторында, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері мен Қазақстан Республикасының резидент емес банктерінің филиалдарында шектеусіз айырбастауға және майдалауға болады.
Ескі үлгідегі банкноталардың және жаңа үлгідегі банкноталардың қатарлас айналысы кезеңі аяқталғаннан кейін ескі үлгідегі банкноталар республиканың барлық аумағында айналыстан шығарылады және жаңа үлгідегі банкноталармен ауыстырылуы тиіс.
Құжат 29 қарашаға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған.