Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2024-2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге кірісті. Қазақстандықтар жаңа құжатқа өз ұсыныстарын айта алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ведомствоға сілтеме жасап.
Құжат мемлекеттік органдардың, кәсіби полицияның және қауымдастықтың ынтымақтастығы және бірлестігі нәтижесінде құқық бұзушылықтың алдын алудың тұтас жүйесін құрудың негізі болады.
Тұжырымдаманың негізгі басымдықтары:
– құқықтық мемлекеттің негізі ретінде қауіпсіз қоғам құру үшін жағдай жасау;
– азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкін және құқықтарын қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғау;
– қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қолданыстағы тетігін ғылыми деректер мен серіктестікке негізделген қазіргі заманғы алдын алу жүйесіне айналдыру;
Шет елдердің озық тәжірибесін ескере отырып, одан әрі іс-қимыл стратегиясы әзірленуде.
Құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді тетіктерін құру көзделуде.
Қылмыс – бұл тек полиция қызметіне ғана байланысты әлеуметтік құбылыс емес екенін ескере отырып, Тұжырымдама шеңберінде мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді осы жұмысқа тартып, барлық мүдделі тараптармен және азаматтармен әріптестік орнату жоспарлануда, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша есеп берудің ашық жүйесін қалыптастыру көзделуде.
Сонымен қатар, Тұжырымдамада полиция жұмысын түрлендіру, бюрократиялық жүйеден қоғамның қажеттіліктеріне, адамға бағытталған, клиентке бағытталған модельге көшу шаралары бекітіледі.
Ішкі істер министрлігі конструктивті ұсыныстарға қызығушылық танытады. Барлық мүдделі азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды осы құжатты әзірлеуге қатысуға шақырады. Сілтемеде берілген сауалнаманы толтыруды және ұсыныстарды Concept_MVD@mail.kz мекенжайына жіберуді сұрайды.