2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша орташа зейнетақы 120 937 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 072 теңге, базалық зейнетақы – 37 865 теңге, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 триллион 200,8 миллиард теңгенің зейнетақысы төленген. Оның 675,2 миллиард теңгесі базалық зейнетақы төлеуге, 1 триллион 525,6 миллиард теңгесі ынтымақты зейнетақыға бағытталды.
2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша зейнеткерлердің саны 2 миллион 305 мың адамды құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әрбір алушыға оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріле отырып, жеке тағайындалады.
Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақтастығы жүйесінде әзірленген еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер кіреді.
Жасы бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне (кемінде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке шыққанға дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты.