Бүгінгі күнде Қазақстанда 5 елден келген 325 босқын тұрады. Республика аумағын паналаған барлық шетелдіктер Қазақстанның босқындарға қатысты халықаралық қоғамдастық алдындағы міндеттемелеріне сәйкес мемлекет тарапынан қорғаумен және қолдаумен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан 1998 жылғы 15 желтоқсанда БҰҰ-ның 1951 жылғы «Босқындар мәртебесі туралы» конвенциясына ресми түрде қосылып, өзіне белгілі бір міндеттемелер алған болатын.
Соған сәйкес қазіргі уақытта елімізде Ауғанстан, Украина, Өзбекстан, Сирия және ҚХР-дан келген 325 босқын тұрып жатыр. Олар елден шығарылмау бойынша қорғалған.
«Босқындармен жұмыс жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанында ұлттық заңнама нормаларын Конвенция ережелерімен имплементациялау жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істейді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде БҰҰ-ның босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының сарапшылары кіреді», - деп жазылған министрліктің хабарламасында.
Ал осыған қатысты жұмыс тобы босқындарға Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктермен тең дәрежеде медициналық көмекке, білім алуға және әлеуметтік көмекке қолжетімділік беру жөнінде ұсыныстар әзірлеген. Бұл ұсыныстар қазір мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына берілген.