Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнында мұнай төгілгені туралы дерек расталмады. Алайда экологтар теңіз суынан сынама алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше, 2 сәуірде арнайы топ әуеден шолу жүргізді.
«Әлеуметтік желіде жарияланған Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнының аумағында мұнайдың төгілу фактісі расталған жоқ. Құрамына Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов, Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Еркебұлан Ермеков, департаменттің зертхана маманы Баубек Әлдешов және Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Нұрлан Әлиев енген бірлескен топ Каспий теңізіне тексеру жүргізді. Департаменттің зертхана маманы теңіз суы сынамалар алды. Қазір сынамаға талдау жұмысы жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.