
Энергетика министрлігі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап сұйытылған мұнай газы бағасының өзгеруіне қатысты тарап жатқан ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомство түсіндіргендей, газ бағасының шекті бөлшек сауда бағасын бекіту бағаның өсуін білдірмейді.
«Энергетика министрлігі жаңа бұйрықпен 2023 жылдың желтоқсан айының соңына дейін сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасын бекітуді жоспарлап отыр. Енгізілген өзгерістер қазіргі кезеңде сұйытылған мұнай газына бағаның өсуін білдірмейді. Айта кету керек, көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағалар сұйытылған мұнай газын өндіру құнын ескере отырып түзетілетін болады», - делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, газ бағасын жоспарлы бекітетін қаулы жобасы ашық нормативтік құқықтық актілер сайтында жарияланған болатын. Құжат ағымдағы жылдың 19 желтоқсанына дейін қоғамдық талқылауға шығарылады.